Патриоттық рух пен бірлік: Павлодарда жастар форумы өтті
Павлодарда өткен "Жастар! Бірлік! Болашақ!" атты V мерейтойлық жастар патриоттық форумы құқық қорғау органдарының, білім беру және спорт салаларының өкілдерін, мектеп оқушыларын, жаттықтырушылар мен құрметті қонақтарды біріктірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті нығайту және өскелең ұрпақтың дамуына бағытталған бастамаларды қолдау.
Форум аясында тоғыз бағыт бойынша жұмыс істейтін мектеп спорт федерацияларының жетістіктері атап өтілді. Облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар марапатталды. Ал "Үздік спорттық федерация" кубогы жеңіл атлетикамен айналысатын "Running School" командасына табысталды.
Полиция департаментінің өкілдері №41 жалпы орта білім беретін бейіндік мектептің "Жас сақшы" сыныбының тәрбиеленушілерін де құттықтап, жетістіктері мен белсенділігі үшін құрмет грамоталарын табыстады.
Полиция мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығы аясында құрылған "Жас сақшы" сыныбы оқушыларды тәртіпке, заңды құрметтеуге, отансүйгіштікке және қоғам алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеуге бағытталған.
"Жастар! Бірлік! Болашақ!" форумы жастарды отансүйгіштік, бірлік және елге қызмет ету құндылықтары төңірегінде біріктіретін игі дәстүрді жалғастырып келеді.
