Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Семейде ер адам 100 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылды

Семей қаласының тұрғыны әйелін қорқыту арқылы ұстап қалуға әрекеттенгені үшін қоғамдық жұмыстарға тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Семей қаласының 42 жастағы тұрғыны мен әйелінің арасында жанжал туындаған. Жанжал барысында әйел бөлек тұруды ұсынғанымен, ер адам бұған келіспей, оны өз қасында алып қалу мақсатында қорқыта бастаған және бірнеше рет бетінен ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген.

Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 100 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.

Сотталған азамат Семей қаласы Әуезов ауданының пробация қызметіне есепке қойылды. Есепке қою кезінде пробация қызметінің қызметкерлері онымен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жазаны өтеу тәртібін, оның міндеттерін түсіндірді, сондай-ақ жазаны өтеуден жалтарғаны үшін жауапкершілік көзделгенін ескертті.

– Кезекті жанжалдан кейін ол тағы да менен кететінін айтқанда, мен қорқыту арқылы оны қасымда алып қала аламын деп ойладым. Бірақ өз әрекетіммен жағдайды одан әрі ушықтырып, қарым-қатынасымызды біржола бұзған болуым мүмкін. Болған жағдайға қатты өкінемін. Осы жылдар бойы тек онымен бірге болуды қаладым, алайда күрделі мінезімнің, үнемі қызғаныш пен оны жоғалтып алудан қорқудың салдарынан бәрін өз қолыммен бүлдірдім, – деп бөлісті сотталған азамат.

– Пробация қызметінің негізгі міндеті – сот тағайындаған жазаның орындалуын қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар сотталған азаматқа өз әрекеттерінің салдарын түсінуге көмектесу және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу. Есепте тұрған әрбір азаматпен жеке профилактикалық жұмыс жүргізіледі, оның құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жазаны өтеу тәртібін бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік түсіндіріледі, – деп атап өтті Семей қаласы Әуезов ауданы пробация қызметі бастығының міндетін атқарушы Ильяс Қуанышбекұлы.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру