Павлодар облысында мал ұрлығы ашылды
Павлодар облысында полицейлер 2 миллион теңгеден астам шығын келтірген мал ұрлығын ашты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталғандай, Баянауыл ауданындағы жазғы жайылымдардың бірінде ер адам атыс қаруын пайдаланып, аудан аумағындағы серіктестіктердің біріне тиесілі екі бас ірі қара малды ұрлаған.
– Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыс құралы тәркіленді. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, – дейді Баянауыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ауғалиев.
Полицияның мәліметінше, мұндай әрбір дерек бойынша кінәлі тұлғаларды анықтау, оларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту және ұрланған мүлікті қайтару бағытында тиісті шаралар қабылданады. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында.
Полиция қызметкерлері мал иелерін қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Атап айтқанда, малды жайылымда қараусыз қалдырмау, міндетті түрде сырғалау және түнгі уақытта жабық қора-жайларда ұстау қажет.
Естеріңізде болсын, малды қараусыз жаю ұрлық қаупін арттырады. Сондықтан малдың қауіпсіздігіне бейжай қарамаңыздар.
