Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде

Астанада қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың тыныштығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзу – азаматтардың жиі шағымданатын мәселелерінің бірі. Мәселен, түнгі сағат 00:00 шамасында Санжар Асфендияров көшесіндегі тұрғын үйлердің бірінің ауласында бір топ жас жігіттің қатты күліп, айқайлап, шулағаны байқалған. Олар аула мен кіреберіс арасында жүріп, тұрғындардың тыныштығын бұзған.

Мұндай жағдайлар әсіресе түнгі уақытта демалып жатқан тұрғындарға қолайсыздық туғызады. Осыған байланысты полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермеу және азаматтардың тыныштығын сақтау мақсатында тиісті шаралар қабылдайды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Тағы бір жағдайда түнгі сағат 00:30 шамасында Түркістан көшесінде орналасқан мейрамханалардың бірінде бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, қатты шу шыққаны анықталды. Түнгі уақытта жүргізілген құрылыс-жөндеу жұмыстары маңайдағы тұрғындардың тыныштығын бұзған. Аталған факті  бойынша да тиісті шаралар қабылданды.

Айта кетейік, жыл басынан бері елордада тыныштықты бұзудың 51 мыңнан астам дерегі тіркелген.

Полиция тұрғындарды түнгі уақытта тыныштық сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға және қоғамдық тәртіп талаптарын бұзбауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру