Астанада қоғамдық тәртіпті бұзған екі жас жігіт аялдаманы тазалауға ниет білдірді
Елордада полиция қызметкерлері қоғамдық көлік аялдамаларының бірінде қоғамдық тәртіпті бұзу дерегін тіркеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Анықталғандай, 18 жастағы Бекжан Қанибай мен 19 жастағы Жанасыл Құрамыс қоғамдық орында насыбай қолданып, балағат сөздер айтқан, әрі аумақты ластаған.
Аталған дерек бойынша екі азамат та ұсақ бұзақылық жасағаны және ортақ пайдаланылатын орындарды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен әрқайсысына 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар жастар қоғамдық орында жасаған әрекеттерінің дұрыс болмағанын түсініп, аялдаманы өз еріктерімен тазалауға ниет білдірді. Осылайша олар өз әрекеттерінің салдарын түзетуге дайын екендіктерін көрсетті.
Полиция қоғамдық орындар баршаға ортақ екенін еске салады. Әрбір азамат қоғамдық тәртіпті сақтап, айналасындағыларға құрметпен қарап, қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарауға міндетті. Қоғамдық тәртіпті бұзу заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғады.
