TikTok-та былапыт сөз айтқан стример 10 тәулікке қамалды
Түркістан облысында TikTok тікелей эфиріндегі былапыт сөз үшін стример 10 тәулікке қамалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында полицейлер кезекті мониторинг барысында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде былапыт сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған стримерді анықтады.
Атап айтқанда, DOSIK_BRO парақшасы арқылы тікелей эфир жүргізген Шымкент қаласының 2002 жылы туған тұрғыны Досхан Баймахан желі қолданушылары алдында әдепсіз сөздер айтып, өзгелерге құрметсіздік танытқан.
Полицейлер тікелей эфир Төлеби ауданы аумағында түсірілгенін және құқық бұзушының жеке басын анықтап, полиция бөліміне жеткізді. Оған қатысты тиісті материалдар жинақталып, заң аясында шара қабылдау үшін сотқа жолданды.
Сот қаулысымен азамат ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Полиция ескертеді, виртуалды кеңістікте отырып, қоғамдық тәртіпті бұзуға немесе өзгелердің ар-намысына тиетін әрекеттерге жол беруге болмайды.
