ШҚО-да дропперлік әрекеті үшін 24 адам жауапқа тартылды
ШҚО полицейлері интернет-алаяқтықтың негізгі тәсілдері мен оған қарсы күрес нәтижелерін атады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан облысында интернет-алаяқтықтың 900-ден астам дерегі тіркелген. Тұрғындарға келтірілген жалпы материалдық шығын 2,5 млрд теңгеден асты.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл және оның өзекті мәселелері Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте талқыланды. Жиында ШҚО полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов пен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Нұрай Арыстанбек баяндама жасады.
Алаяқтар жиі қолданатын тәсілдердің қатарында өздерін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстырып қоңырау шалу, жалған инвестициялық ұсыныстар жасау, фишингтік сілтемелер жіберу және азаматтарды ақшасын "қауіпсіз шоттарға" аударуға көндіру бар. Сонымен қатар өңірде Telegram мессенджері арқылы жасалған 300-ге жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.
Полиция қызметкерлері банк карталары мен шоттарын заңсыз жолмен алынған ақшаны аудару үшін өзге адамдарға беретін дропперлермен күреске де ерекше назар аударып отыр. Жыл басынан бері мұндай әрекеттері үшін 24 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бұл қылмыс үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Жүргізілген жедел-профилактикалық жұмыстар нәтижесінде интернет-алаяқтықтың 86 дерегі ашылып, жәбірленушілерге 36 млн теңге қайтарылды.
ШҚО полиция департаменті тұрғындарды сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырады. Атап айтқанда, SMS-кодтарды, құпиясөздер мен банк деректерін бөгде адамдарға бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу, белгісіз шоттарға ақша аудармау және банк карталарын үшінші тұлғалардың пайдалануына бермеу қажет.
Полиция банк пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері ешқашан азаматтардан ақшасын "қауіпсіз шотқа" аударуды талап етпейтінін ескертеді.
Полиция қызметкерлері киберқылмыстардың алдын алу, оларды анықтау және ашу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
