Павлодарда отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша профилактикалық кездесу өтті
Павлодар қаласы полиция басқармасының профилактика кабинетінде отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттерге жол беретін азаматтармен профилактикалық әңгіме өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шара Отбасын қолдау орталығының психологымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, қайталама құқық бұзушылықтарға жол бермеу, сондай-ақ азаматтардың өз әрекеттері мен отбасындағы мінез-құлқына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.
Әңгімелесу барысында қатысушыларға отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтардың құқықтық салдары жан-жақты түсіндірілді. Сондай-ақ жақындарына күш көрсетуге, қорқытуға, қорлауға және өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге жол берілмейтіні ескертілді.
Кездесуде эмоцияны бақылау, жанжалдарды сындарлы жолмен шешу, өзара сыйластық таныту, сондай-ақ отбасы мүшелерінің психологиялық және физикалық саулығына жауапкершілікпен қарау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Отбасын қолдау орталығының психологы өз мінез-құлқын түзету, эмоцияны басқара білу және өмірлік қиын жағдайлардан бейбіт жолмен шығу дағдыларын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, отбасылық қарым-қатынасты сақтауға, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған.
Отбасы – сыйластық, өзара түсіністік пен қауіпсіздік салтанат құруы тиіс орта. Сондықтан зорлық-зомбылықтың кез келген көрінісіне жол берілмеуі керек.
