Әрбір істің ақиқатын іздеген тергеуші
ШҚО ПД Тарбағатай аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі Ернар Еңсебай ішкі істер органдарындағы еңбек жолын жүргізуші қызметінен бастап, табандылығы мен кәсіби ізденісінің арқасында тергеу саласының офицері болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әрбір қылмыстық істің артында – тыңғылықты жұмыс, үлкен жауапкершілік және ақиқатты анықтауға деген ұмтылыс жатыр.
Тергеушінің қызметі терең заң білімін, жан-жақты болуды, табандылықты және әрбір детальға мұқият болуды талап етеді. Тергеудің объективті жүргізілуі қабылданатын шешімдердің заңдылығы мен азаматтардың құқықтарын қорғауға тікелей әсер етеді.
Тарбағатай аудандық полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің аға тергеушісі Ернар Еңсебай ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет етіп келеді. Еңбек жолын материалдық-техникалық қамтамасыз ету тобының жүргізушісі лауазымынан, кіші сержант шенінде бастаған.
Кейін конвой қызметкері, одан соң уақытша ұстау изоляторының кезекшісі болып қызмет атқарды. Дәл осы кезеңде тергеу саласына қызығушылығы артып, болашақ кәсібін осы бағытпен байланыстыруға бел буды. Заңгерлік білім алып, кәсіби біліктілігін жетілдіруді жалғастырды.
2022 жылы Ернар Еңсебай анықтаушы лауазымына тағайындалса, 2026 жылдан бастап аға тергеуші қызметін атқарып келеді.
Бүгінде оның күнделікті жұмысы қылмыстық істердің материалдарын зерделеу, тергеу әрекеттерін жүргізу, дәлелдемелерді тексеру, процеске қатысушылардан жауап алу және басқа бөлімшелермен бірлесіп жұмыс істеуден тұрады. Әрбір істі тергеу мән-жайларды жан-жақты талдауды, жүйелілікті және объективтілікті талап етеді.

Кіші сержанттан тергеу бөлімшесінің офицеріне дейінгі жол – мақсатқа ұмтылудың, білімге деген құштарлықтың және таңдаған мамандығына адалдықтың нәтижесі.
Тергеушінің қызметі – кәсібилік, табандылық және әрбір қабылданған шешім үшін жауапкершілік талап етілетін күнделікті еңбек.
