Астанада ұсақ бұзақылық жасаған бес адам жауапқа тартылды
Астанада ұсақ бұзақылық жасаған бес адам жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Астанада полиция қызметкерлері елорданың ойын-сауық орындарының бірінде болған қоғамдық тәртіпті бұзу дерегінің жолын кесті.
Анықталғандай, түнгі уақытта мекемеге келген келушілер арасында сөзге келіспеушілік туындап, соңы төбелеске ұласқан. Жанжалға қатысушылар агрессивті мінез-құлық танытып, балағат сөздер айтқан. Осылайша, олар қоғамдық тәртіпті бұзып, қоғамдық орында өзін-өзі ұстау талаптарын сақтамаған. Сонымен қатар барлығы мас күйде болған.
Полиция қызметкерлері оқиғаға қатысқан бес адамның жеке басын анықтап, оларды ұстады. Олар – 29 жастағы Ерталап Жақсымұрат, 24 жастағы Қуаныш Бешкемпір, 29 жастағы Рамазан Рүстембек, 43 жастағы Амид Хусанов және 22 жастағы Виктория Магазумова.
Барлық қатысушыға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен олардың барлығы әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Атап айтқанда, әйел адамға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Үш қатысушы 10 тәулікке, тағы біреуі 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.
Полиция азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағыларға құрметпен қарауға, агрессия мен арандатушылық әрекеттерге жол бермеуге шақырады.
Еске саламыз, заң талаптарын бұзған әрбір әрекет үшін қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген.
