СҚО-да мас жүргізушілер көлік басқару құқығынан 7 жылға айырылуы мүмкін
СҚО-да мас күйде көлік басқарған мыңға жуық жүргізуші көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда кешкі патрульдеу кезінде қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының экипажы 2-Заречная көшесінде Mitsubishi Galant автокөлігін тоқтатты.
Рөлде 51 жастағы қала тұрғыны болған. Медициналық куәландыру оның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде екенін растады.
Қала тұрғынына қатысты полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
Бұл құқық бұзушылық үшін ер адамға 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және жеті жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы көзделген.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында полицейлер көлікті мас күйде басқарудың мыңға жуық дерегінің жолын кесті.
Құқық қорғау органдарының күнделікті рейдтері жалғасуда.
Полиция мас күйде рөлге отыру өзге адамдардың өміріне саналы түрде қауіп төндіру екенін ескертеді. Мас жүргізушілерді анықтау жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
