Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды

Түркістан облысында жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер жауапқа тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысы ережелерінің сақталуын цифрлық технологиялар арқылы бақылауды күшейтуде. Арыста “Қорғау” жүйесінің көмегімен берешектерін төлемей жүрген, жол ережесін бірнеше рет бұзған екі автокөлік анықталды.

Атап айтқанда, Changan автокөлігін басқарған әйел жүргізуші белгіленген жылдамдықты алты рет асырған. Салдарынан оның көлігіне жалпы сомасы 259 500 теңге айыппұл жинақталған. Алайда ол 6 айдан бері қарызын өтемегендіктен, іс соттың қарауына өткен.

Ал Hyundai Tucson маркалы автокөліктің иесі жол қозғалысы ережелерін жеті рет бұзған.

Жедел басқару орталығының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, аталған көліктер “Қорғау” жүйесі арқылы анықталды. Полицейлер тиісті шаралар қабылдап, екі автокөлікті де айыптұраққа қойды.

Полиция жүргізушілерге жол ережелерін сақтап, салынған айыппұлдарды белгіленген мерзімде өтеу қажеттігін ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру