Павлодар облысында қоғамдық орындарда мас күйде болған азаматтар жауапқа тартылды
Павлодар облысында қоғамдық орындарда мас күйде болған 9 мыңға жуық адам жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Алкоголизмнің алдын алу және алкогольдік ішімдіктерді тұтынуды азайту – азаматтардың денсаулығын сақтаудың маңызды факторларының бірі. Осыған байланысты қоғамдық орындарда мас күйде жүрген адамдарды анықтау және мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу полиция жұмысының өзекті бағыттарының бірі.тӨйткені алкогольді шамадан тыс тұтыну отбасылық жанжалдарға, бұзақылық әрекеттерге, ұрлыққа және өзге де, соның ішінде ауыр қылмыстарға себеп болуы мүмкін.
– Мәселен, Павлодар қаласында тұрғындар А. Сәтбаев көшесіндегі үйлердің бірінің кіреберісі маңында алкогольдік ішімдіктер ішіп отырған азаматтарға шағымданған. Полиция қызметкерлері мас күйдегі ер адамдардың барлығын Павлодар қаласының уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізді. Ал бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанған жағдайда сот қаулысымен айыппұл мөлшері екі еселенеді немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінен.
Айта кетейік, жыл басынан бері қоғамдық орындарда мас күйде жүру және алкогольдік ішімдіктерді ішу деректері бойынша 8 576 құқық бұзушылықтың жолы кесілді.
Еске саламыз, көшелерде және өзге де қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе мас күйде жүру айыппұл салуға әкеп соғады. Ал аталған құқық бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл салынады немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады.
