Түркістан облысында оқушыларға Ғазиз Байтасовтың ерлігі дәріптелді
Түркістан облысында 100 оқушыға ерлік сабағы өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысында жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, батырлық пен ерлікті дәріптеу бағытындағы тәрбие жұмыстары жалғасуда.
Осы мақсатта Төлеби аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері №10 жалпы білім беретін мектепте 100 оқушының қатысуымен ерлік сабағын өткізді.
Кездесу барысында оқушыларға 2011 жылғы 12 қарашада Тараз қаласында қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция капитаны Ғазиз Байтасовтың өмір жолы мен ерлігі таныстырылды.
Полицейлер батырдың қылмыскер қолындағы гранатаның жарылуынан айналасындағыларды қорғау үшін өз денесімен қалқалағанын атап өтті. Осы жанқиярлығы үшін Ғазиз Байтасовқа "Халық Қаһарманы" атағы берілгені айтылды.
Іс-шараға мектеп оқушыларымен қатар "Жас сақшы" сыныптарының мүшелері де қатысты. Кездесу барысында ел тыныштығын күзету, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау және Отанға адал қызмет ету әр азаматтың маңызды міндеті екені түсіндірілді.
Мұндай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың бойында патриоттық рухты қалыптастырып, ел үшін ерлік жасаған азаматтардың есімін ұмытпауға үндейді.
