Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Петропавлда төрт әйел мінсіз жүргізуші ретінде марапатқа ие болды

Петропавлда жол ережесін бұзбаған төрт әйел "Үлгілі жүргізуші" атанды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавлда полицейлер жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтайтын жүргізушілерді анықтауға бағытталған "Үлгілі жүргізуші" акциясын өткізді.

Бұл жолы тәртіп сақшылары жол ережесін бұзушыларды емес, керісінше, көлік жүргізу мәдениетімен ерекшеленген азаматтарды іздеді. Ол үшін көліктердің мемлекеттік тіркеу нөмірлері деректер базасы арқылы тексерілді.

Қаладағы көлік қозғалысы ең қарқынды көшелердің бірі – М. Жұмабаев көшесінде аз уақыт ішінде жол қозғалысы ережелерін бірде-бір рет бұзбаған төрт жүргізуші анықталды. Бір қызығы, олардың барлығы әйелдер болып шықты.

- Жолда сақтық таныту – ең бастысы. Әсіресе қазіргідей қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін кезде бұл өте маңызды, – деді акция жеңімпаздарының бірі.

Үлгілі жүргізушілерге грамоталар мен автокөлікке арналған сыйлықтар – хош иістендіргіштер және көлікті қар мен мұздан тазартуға арналған құралдар табысталды.

10 ай ішінде Петропавл аумағында 302 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Полицейлер жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе жаяу жүргіншілер өткелдері мен көше қиылыстарында мұқият болуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру