Құқықтық тәртіп: ШҚО-да үш күнде 1200-ден астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Шығыс Қазақстан облысында 20-22 қараша аралығында өткен республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Үш күн бойы полиция қызметкерлері қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізді.
Іс-шара барысында 1210 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде:
- 266 дерек – тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұру;
- 209 дерек – алкогольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйде жүру;
- 87 дерек – кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз тұрғынжайдан тыс жерде болуы;
- 21 дерек – ұсақ бұзақылық.
Сонымен қатар заңсыз сақталған 9 қару тәркіленіп, 124 азамат уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында да бірқатар құқық бұзушылық анықталды. Рейд барысында көлік басқару құқығынан айырылған адамдардың рөлге отыруының 24 дерегі, мас күйде көлік басқарған 20 жүргізуші және қарсы қозғалыс жолағына шыққан 11 жүргізуші тіркелді.
Мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралар өңірдегі қоғамдық тәртіпті нығайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Полиция тұрғындар мен облыс қонақтарын заң талаптарын сақтауға, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
