Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түнгі бақылау: Павлодар облысында полицейлер көшелер мен ойын клубтарын тексерді

Павлодар облысында полицейлер көшелер мен ойын клубтарын тексерді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қала тыныштыққа бөленген түнгі уақытта көшелер, саябақтар мен ойын-сауық орындары полиция қызметкерлерінің ерекше бақылауында болады. Ақсу қаласында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түнгі рейдтер жүргізіліп келеді.

Полиция патрульдерінің бағыты жастар жиі жиналатын орындарды қамтиды. Атап айтқанда, ойын және PlayStation клубтары, кафелер, мейрамханалар, саябақтар мен аула аумақтары тексеріледі. Рейдтердің негізгі мақсаты – заңда белгіленген уақыт шектеулерінің сақталуын бақылау, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз қоғамдық орындарда болу фактілерін анықтау.

Кезекті тексеру барысында заң талаптарын сақтамағандар анықталды.

– Қаладағы PlayStation клубтарының бірінде рейд кезінде ата-анасының еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден кейін, заңмен белгіленген шектеу уақытына қарамастан, ойын-сауық орнында болған 16 жастағы жасөспірім анықталды. Осы факті бойынша оның заңды өкілі мен мекеме иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – дейді Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Айдар Сламбеков.

Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері түнгі уақытта көшеде жүрген жасөспірімдерге қатысты 256 фактіні анықтады. Сонымен қатар, ойын-сауық орындарында тағы төрт кәмелетке толмаған тіркелді.

Полиция қызметкерлері ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Жасөспірімнің кешкі уақытта қайда және кіммен жүргенін білу, оның үйге уақытылы оралуын қадағалау – маңызды міндет. Балалардың қауіпсіздігі мен амандығы, ең алдымен, ересектердің жауапкершілігінде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру