Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Аккумуляторлар ұрлаған күдіктілер құрықталды

Тәртіп сақшылары Төлеби ауданындағы автокөлік аккумуляторларын ұрлауға қатысы бар қылмыстық топты құрықтады. Күдікті топ мүшелері өткен жылдың қазан айынан бастап автоқосалқы бөлшектерді қол қылуды әдетке айналдырған. Полиция бөліміне жергілікті тұрғындар арызданып, ұрлық туралы хабарлаған.Мән-жайды білу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі тәртіп сақшыларынан тұратын жедел-тергеу тобы құрылды. Полиция қызметкерлері тұрғын үйлерді аралап, куәгерлерден жауап алып, қажетті шараларды жүзеге асырды.

Төлеби АПБ-нің полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында 4 адамнан тұратын қылмыстық топты құрықтады. Күдіктілер жергілікті тұрғындар болып шықты. Тергеу барысында күдіктілер көбіне түнгі уақытта көшеде адамдар азайған сәтте аккумуляторларды ұрлағаны анықталды. Атап айтсақ, өткен жылдың қазан айында ұрылар металл кесу құралының көмегімен автокөліктен құны 150 мың теңге тұратын екі аккумуляторды алып кеткен. Сол түні авто ұрылар басқа ауыл тұрғынына тиесілі КАМАЗ автокөлігі бөлшегін ұрлап кеткен.Күдіктілер ұрланған мүлікті Шымкент қаласындағы металл қабылдау пунктіне өткізіп, ақшаны өз қажеттіліктеріне жұмсап отырған. Полиция қызметкерлері қылмыстық топтың 8 тұрғынның мүлкін ұрлауға қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы көлемі жарты миллион теңгеден асты. Айғақты зат ретінде алынған аккумуляторлар заңды иелеріне қайтарылды.

Қазіргі уақытта аталған деректер бойынша ҚР ҚК 188-бабы «Ұрлық»бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды. Тәртіп сақшылары күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қылмыстық қол сұғушылықтың құрбаны болмау үшін сақ болуды ескертеді. Автокөліктерге күзет сигнализациясын орнату керек, ал көлікті мүмкіндігінше жақсы жарықтандырылған тұрақтарға қойған дұрыс. Сондай-ақ ақша, телефон және басқа да бағалы заттарды салонда қалдырмаған абзал.

Егер сіз бөтен мүлікті ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру