Алматы облысында мал ұрлығына қатысты топ ұсталды
Жамбыл ауданының тәртіп сақшылары мал ұрлығын кәсіп қылған 23-26 жастағы үш жергілікті тұрғын күдікке ілініп қылмыстық топты құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұлтартпас айғақтардың арқасында олар мал ұрлығының жеті дерегіне қатысы бары дәлелденді.Топ құрамында 23-26 жастағы үш жергілікті тұрғын болған. Тергеу барысында олардың өткен жылдың тамыз айынан бері өздерінің әрекеттерін іске асырғаны анықталды.
«Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексі 188-бабының 3-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Олардың бірқатар мал ұрлығына, оның ішінде ірі малмен қатар, қойлардың ұрлығына қатысы бары дәлелденді. Топ мүшелеріне 3 жылқыны, 5 сиырды және 48 қойды ұрлады деген айып тағылды. Олардың тұрғындарға келтірген материалдық шығындары есептелуде»,- деп атап өтті облыстық полицияның баспасөз қызметі.
Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілерден ұрланған малды сатып алушы да анықталды. Тәртіп сақшылары сатып алушыдан қолды болған 3 сиырды тәркілеп, заңды иелеріне қайтарды. Әшкере болған қылмыстардың ішінде малының қолды болғаны туралы ішкі істер органдарына хабар бермеген тұрғындардың да малы бар. Тәртіп сақшылары барымташылар жайылымнан сойып алып кеткен малдардың заңды иелерін анықтау жұмыстарын да жүргізуде.
Қылмыстық өндіріс аудандық полицейлердің өндірісінде. Тәртіп сақшылары күдіктілердің өңірдегі бұған ұқсас өзге де қылмыстарға қатысы барын тексеруде. Сонымен қатар, полицейлер ұрланған малды сатып алушыны да қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін қарастыруда. Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелері мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды. Олар мінген көлік сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталғанға дейін арнайы тұраққа тоғытылды.