Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлері жұмысын көрсетті
Оқушылар кинологиялық және кавалериялық взвод қызметімен танысып қайтты,-деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылықтың алдын алу және кәсіптік бағдар беру мақсатында
Полиция департаменті қалалық білім беру басқармасымен бірлесе отырып,
Орал қаласындағы орта білім беретін мектеп оқушыларына Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті кинологиялық қызмет орталығының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырды.
Полицейлер балаларды кинологтардың жұмысымен таныстырды,
оларға қызметтік иттер ұсталатын қоршауды (вольерді) көрсетті. Кездесу
барысында балаларға иттерді ұстау және үйрету ережелері, қандай ит тұқымдарын үйретуге болатыны және полиция қызметінде қолданылатын
тұқымдар туралы көптеген сұрақтар қойылды. Баптаушылар жасөспірімдердің барлық сұрақтарына қуана жауап берді және соңында қылмыскерді ұстауға бағытталған қызметтік-іздестіру иттерінің жаттығулары көрсетілді. Сондай-ақ, сол күні мектеп оқушылары Орал қалалық полиция бөлімшесі патрульдік қызметі батальонының кавалериялық взводына барды. Онда балалар төрт аяқты полиция көмекшілерімен жақсырақ танысып, атты ерттеп, үстіне мініп, жүріп қайтты.
2017 жылы Полиция департаментінің жанынан кавалериялық взвод ашылып, іске кіріскен болатын. Аталған взводтың мақсаты – қала аумағы, саяжай учаскелері, орман алқаптарында орын алған қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың жолын кесу, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл қызметте атқа икемі бар, жылқы малын жанындай жақсы көретін, оның құлағында ойнайтын 25-ке жуық жігіт жұмыс істейді. Қазіргі уақытта іріктелген жігіттердің барлығы да аттың құлағында ойнай білетін жол-патрульдік полиция батальонының қызметкерлері қатарынан алынған. Кездесу соңында оқушылар полиция қызметкерлеріне алғыстарын айтып, жақсы көңіл-күймен тарасты.