Полицейлер ұрлықтың ізін суытпай жоғалған ақшаны тауып, иесіне қайтарды
Алматы облысының полицейлері жол бойындағы дәмхананың даяршылары қолды қылған ірі ақша соммасын заңды иесіне қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысы Ақсу ауданының 46 жастағы тұрғыны Ескелді ауданының кезекші бөліміне жол бойындағы дәмханалардың бірінде күртешесі мен ірі қаражатының ұрланғаны туралы арызданған.
Оқиға орнына жеткен жедел топ ер адамның үйіне қайтып бара жатып, «Алматы-Өскемен» автожолының бойында орналасқан дәмханалардың біріне кіргенін анықтады. Түстенгеннен кейін ер адам күртешесін жарты миллионнан астам теңге көлеміндегі ақшасымен ұмытып кеткен. Азамат біраз уақыттан кейін күртешесінің жоқтығын байқап, дәмханаға қайта келген, бірақ күртешесін таппаған. Өзіне тиесілі затты қайтаруын өтінген ер адамға мекеме өкілдері күртешені де, ақшаны да көрмегендерін және алмағандарын жеткізген .
Оқиға орнына шақырылған полиция қызметкерлері белсенді түрде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде, 20 және 22 жастағы екі даяршының клиент ұмыт қалдырған күртешенің қалтасынан ірі ақша соммасын көріп, оны ұрлауға бел буғандарын анықтаған. Сөз байласқан екеуі, жертөледе орналасқан қосалқы бөлмеге ақшасы бар күртешені жасырған.
Тергеу рәсімдерінен кейін табылған күртеше мен ақшаны полиция қызметкерлері заңды иесіне қайтарып берді. Азамат полицейлерге тез және сапалы жұмысы үшін алғысын білдірді.
Күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 188-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде (Адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған ұрлық).