Коронавирустың таралуына жол берме!
Талдықорған қаласының тұрғындары маска киіп жүруді күнделікті әдетке айналдыра бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл жағдайды Талдықорған қаласының көшелері мен қоғамдық орындарынан кез-келген адам көзбен шолып, байқай алады. Алайда, тәртіп сақшылары жаяу аралау арқылы осыған көз жеткізіп, карантин кезінде өз қауіпсіздігі үшін медициналық бетперделерді кию қажеттігі туралы азаматтарға ескертті.
«1 сәуірден бастап Алматы облысының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында қосымша қауіпсіздік шаралары енгізілгені белгілі. Талдықорған қаласы бойынша 4 санитарлық бекетті қоса алғанда, қосымша 8 мобильді бекет өз жұмысын бастады. Осыған байланысты, патрульдік топтар қоғамдық орындарда қызмет атқаруда. Олардың басты назары көшеде немесе адамдар көп шоғырланған орындарда жүрген егде жастағы және кәмелетке толмаған азаматтарда. Және бұл топтар тұрғындарда қорғану құралдарының болуын қадағалайды. Атап айтқанда, олардың міндетті түрде медициналық бетпердемен жүруі бақыланады», -деп хабарлайды Талдықорған қаласының ПБ бастығы Асқар Нұрсапа.
Аталған деректер алғаш анықтаған кезде тәртіп сақшылары тек ескертумен ғана шектеледі,ал ол қайталанған жағдайда 5 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл немесе 15 тәулік қамаққа алу көзделеді.
«Алматы облысының бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 30 наурыздағы №4 қаулысында көрсетілген барлық тыйымдармен қатар, қоғамдық орындарда және автокөліктерде бетпердесіз болу заң бұзушылық болып табылатындығын атап өткен жөн. Осыған байланысты, барлық қала тұрғындары мен қонақтарын карантин режимін бұзбауға, төтенше жағдай тәртібінде тәулік бойы жұмыс істейтін полиция мен басқа да орган қызметкерлерінің өтініштерін қатаң тыңдауға шақырамыз», – деп толықтырды полковник Нұрсапа.
Сонымен қатар, қала бойынша қатты дауыстайтын құрылғылар арқылы патрульдік полиция автокөліктерінен бетпердемен жүру режимін және барлық белгіленген нормаларды сақтау туралы үндеулерді ести аласыздар.