Ер адам ТЖ кезіндегі заңды талапқа бағынбады
Төтенше жағдайда тәртіп сақшысына қол жұмсаған Тараздық тұрғын қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 1 сәуірінде Байзақ ауданындағы блок-бекетінде короновирустық пандемияныңтаралуын болдырмау мақсатында автокөліктерге тексеру жүргізу барысында кезекшіліктегі Тараз қаласы Полиция басқармасы жергілікті полиция қызметінің инспекторы Алматы қаласы бағытындағы «Toyota Corolla» маркалы автокөлігін тоқтатқан. Аталған автокөліктегі жолаушы ер адам заңға бағынбай, полиция қызметкеріне дене жарақатын келтірген.
34 жастағы Тараз қаласының тұрғыны полиция қызметкерінің төтенше жағдай талаптарына сәйкес, тиісті құжаттарынсыз блок-бекетінен өткізбей, шектеу қойғанына қарсы шығып, оның бетінен жұдырықпен ұрған.
Күдікті кінәсін мойындап, ҚР ҚПК-нің 128-бабымен Тараз қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.Ұсталған ер адам бұрын бірнеше рет сотты болған.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 379-бабы (төтенше жағдай жарияланған жерде билік өкілінің заңды талабына бағынбау) және 380-бабымен (билік өкіліне қарсыкүш қолдану) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.