Блок-бекеттегі қызметкерлерге арнайы тренинг өткізілді
Түркістан облысында полиция департаментінің психологтары, еріктілермен бірге блок-бекеттегі қызметкерлерге арнайы тренинг өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төтенше жағдайға байланысты Түркістан облысы полицейлері күшейтілген жұмысқа көшті. Облыста коронавирус індетінің таралмауына, алдын алуға бағытталған іс-шараларға сәйкес, құрамында полицейлер мен медицина қызметкерлері, әскерилер қамтылған блок-бекеттер орналастырылды. 1 айдан астам уақыт күні-түні кезекшілікпен қызмет атқарып жатқан осы қиын сала мамандарына қолдау көрсету мақсатында Түркістан облысы Полиция департаментінің психологтары тренинг өткізді.
Бұл іс-шараның негізгі мақсаты – рухты дамыту, қиындықтарды жеңіп, азаматтармен жұмыс атқару, ұжымда өзара сенім мен қолдауды насихаттау. Іс-шара барысында психологтармен бірге ерікті психологтарда жұмыс атқарып, өз үлестерін қосты.
Еріктілердің бірі, Түркістан қаласындағы жоғары көпсалалы, қол өнер колледжінің магистр оқытушысы, психолог Лаззат Джумабаева болса, екіншісі қаладағы белсенді жастардың бірі, блогер Гүлжәмилә Зайырова. Олар, блок-бекеттен кіріп жатқан әрбір жолаушылармен сөйлесіп, хал-жағдайларын біліп, осындай қиын шақта сабырлық сақтауға шақырды. Барлық қауіпсіздік шараларын ұстануға кеңес берді.
Полиция департаментінің психологтары блок-бекетте күшейтілген режимде жұмыс жасап жүрген полицейлер, медицина қызметкерлері, әскерилерге психологиялық қолдау арқылы азаматтармен қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру, шаршаудың алдын алу және қиын, келеңсіз жағдайларды бастан өткерген мезеттегі көңіл-күйді бақылауда ұстау туралы кеңес берді. Ал тренингтегі көңіл-күйге, жүйрік ойлау, есте сақтау және жылдамдыққа, шыдамдылыққа қатысты түрлі сайыстарға қызметкерлер үлкен қызығушылықпен қатысты. Бүгінгі күннің батырлары, яғни ел басына күн туған шақта аянбай жұмыс жасап жүрген қызметкерлер «Сәлемдесуді ыммен көрсету», «Күйзелістен арылу», «Жақсы тілек тілеу», «Түйін» секілді психологтар ұйымдастырған барлық жаттығуларға белсенділікпен қатысты. Бұл жаттығулар жұмысқа деген құлшынысты арттыруға, ұйымшылдықты нығайтуға, түрлі көңіл-күйде кездескен тұрғындарға сыпайы қарым-қатынас үлгісін көрсетуге және күйзелістен арылып, серпілуге бағытталған.
Психологтардың тренингіне қатысқан қызметкерлер жағымды әсер алып, осындай жаңашыл тренингтер өткізгені үшін алғыстарын жеткізді. Оған қоса, психологтар полицейлер мен дәрігерлерге бас, арқа, аяқ-қолға массаж жасалатын, миды тынықтыратын құралдарын пайдаланып, көмектесті.
«Полицейлерге де психолог кеңесі қажет. Өйткені, қызметтері ауыр, адамның жүйкесіне әсер етеді. Тыныштық күзетінде жүргендерге тұрақты түрде тренингтер өткізіледі. Мұндай тренинг кездесулер түрлі жағдайларда дұрыс шешім табуға көмектеседі. Тәртіп сақшылары кез келген жерде халықпен тез тіл табыса білуі маңызды екенін түсіндіреміз. Тренингтің нәтижесі өте жақсы, қызметкерлердің кәсіби шеберлігі мен жұмыс сапасы артады, бұқарамен сенімді байланыс орнайды», – дейді Түркістан облысы ПД-нің психологтары.