Суицидке бармақ болған әйелді ұландық сарбаз құтқарып қалды
Шығыс Қазақстан облысында Ұлттық ұлан жауынгері өз-өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 5 мамыр күні сағат 19:30 шамасында орын алды. Шығыс Қазақстан облысы Курчатов
қаласындағы 3514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Думан Боғасбаев өз үйінің балконында тұрған сәтте қарама-қарсы қираған ескі тұрғын үйдің төртінші қабатынан төменге секіруге оқталған әйелді байқап қалады.
Оқиға жайлы бірден полиция бөліміне хабар берген ұландық жауынгер дереу көмекке
ұмтылады. Ғимараттың артқы жағынан айналып кіріп, 4- қабатқа көтерілген Думан аяғының ұшымен жақындап келіп, төменге секіруге дайындалған әйелді ішке тартып кіргізіп алады. Өзіне қол жұмсамақ болған тұрғынды қауіпсіз орынға шығарып алғаннан кейін, оқиға орнына полиция
қызметкерлері келген.
-Шынымды айтсам, бұл жағдайда әйелді үгіттеуге, қателік жасамауға өтініп тұратындай уақыт болған жоқ. Өз өміріне балта шаппай тұрғанда, шапшаң қимылдап, тез құтқарып қалу керек болды. Өйткені, бұл жерде ең әуелде адам өміріне қауіп төніп тұрды, – дейді Думан Боғасбаев.
Қазіргі таңда құзырлы органдар әйелді суицидке итермелеген себептерді анықтап жатыр.