Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Өмір бойы тәртіп сақшысы болған ардагер

Өмір бойы Түркістанның тәртіп сақшысы болған – ардагер ақсақалын әріптестері мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Милиция капитаны Дүйсенбай Сарсенов – Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген. Өмір бойы ішкі істер саласында қызмет атқарған ақсақалдың Түркістан, Кентау қаласында өзгелерге үлгі боларлық өзіндік қолтаңбасы бар деп. Зейнет жасына жеткенше осы қиын саланың қазанында қайнап, талай белестерден өткен. Нақтырақ айтсақ, Дүйсенбай Сарсенов 1935 жылы желтоқсан айының 25-і күні қасиетті Түркістан топырағында дүниеге келген. Содан 23 жасында, 1958 жылдың ақпан-тамыз айлары аралығында Кентау қаласының ішкі істер бөлімінде патрульдік милициядан сержант болып қызмет атқарған. 1958 жылы тамыз айында Алматы академиясына оқуға түсіп, оны 1960 жылдың мамыр айында аяқтаған. Жоғарғы оқу орнын бітіріп шыққан жас жігіт 1960-1962 жыл аралығында Шаян аудандық ішкі істер бөлімінде учаскелік инспектор болып қызмет атқарады.​​​​​​​​​​​ Содан еңбек жолы үш жыл қатарынан Түркістан қаласының ішкі істер басқармасының учаскелік инспектор болып қызметін атқарумен жалғасын табады. Одан кейін 1965 жылдан 1967 жылға дейін Түркістан қаласындағы түзеу мекемесінде бөлім басшысы болып қызмет атқарған. ​​​​​1967-1972 жылдары Түркістан қаласының ішкі істер басқармасы кезекші бөлімінің жауапты кезекшісі болып қызметін атқарады. 1972 жылдан 1986 жылға дейін Түркістан қаласының ішкі істер басқармасында учаскелік инспектор лауазымында қызметін абыроймен атқарып, 1986 жылы қазан айында құрметті  зейнеткерлік демалысқа шыққан.

 

Қашанда өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын әскери тәртіптің ұстасы Дүйсенбай қария, жұмыс бабына байланысты ел ұйықтап жатқанда олардың тыныштығын сақтады, қорғаушы болды. Елдің амандығы мен қоғамдық тәртіптің сақталуына жанын салып қызмет етті. Ауылдағы тәртіпсіздіктерге тосқауыл қойып, елдің сенімінен шықты. Осылай небір ұйқысыз күндер,  қауіпті түндердегі елеулі еңбегі ескеріліп, түрлі медальдардың иегері атанды.​​​​ Дүйсенбай Сарсенов зейнеткерлікке шығу кезеңіне жеткенімен, өмір бойы жинаған жұмыстағы тәжірибесі мен полицейге аса қажетті қасиеттерді, кейінгі жас тәртіп сақшыларына үйретуден жалықпайды.

Осындай біртуар қызметтес жолдастары жайлы көзкөргендер әлі  күнге дейін айтып отырады.​​​ 

Ал, Дүйсенбай ақсақалдың жары, “Алтын алқалы”  Несібелі ана: “Дүйсенбайдан шаршадым дегенін ешқашан естімеппін. Кезінде күні-түні жұмыста жүрді. Біз үйде аман-есен оралса екен деп тілеп отыратынбыз. Үйге келген соң да балалармен, үй шаруашылығымен айналысып, бір тынбайтын. Не айтса да бір-ақ рет айтады, біз бала-шағамызбен соны орындаймыз”, – деп жұбайының темірдей тәртіпке үйреткенін тілге тиек етті.

Бүгінде айнымас адалдықтың, мәңгілік махаббаттың арқасында Дүйсенбай ақсақал мен ақ жаулықты анамыз Несібелінің шаңырағанды бес қыз, бір ұл өсіп-өнді. Олардан 22 немере, 30 шөбере сүйіп бақытқа кенеліп отыр. Қазір ұл-қыздары түгел жетіліп, өз күндерін өздері көріп жатыр.

Мереке қарсаңында ішкі істер органдарының ардагері, ҰОС ардагеріне теңестірілген Дүйсенбай ақсақалдың деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру