Саяжай иесі әкімшілік жауапқа тартылды
Қарағандыда профилактикалық рейдтер кезінде анықталған шөпті заңсыз өртеген саяжай иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шаруа қожалықтарының қызметкерлері, сондай-ақ саяжайшылар өрт қауіпсіздігі ережелерінің талаптарын әрдайым сақтамайды. Бұл ауыл шаруашылық алқаптарының, орман-дала және саяжай алқаптарының жануына алып келуі мүмкін.
Осындай фактілерді болдырмау мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыстар жүргізіледі: саяжай қоғамдары мен дала жұмыстарын жүргізу орындары бойынша рейдтер, нұсқаулықтар, әңгімелесулер, тұрғындармен және шаруа қожалықтарының ұжымдарымен жиындар. Әсіресе, бұл жұмыстар азаматтар қала сыртына, саяжай учаскелеріне шыққан кезде демалыс және мереке күндері белсенді жүргізіледі.
7-10 мамыр аралығында ТЖД бөлімшелері, жергілікті полиция қызметінің, Қарағанды облысының орман және жануарлар дүниесін қорғау бойынша шаруашылық қызметкерлерімен, «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанатының еріктілерімен және «Доброволец» ҚБ бірлесіп, Қарағанды облысының аумағында 31 рейд өткізді.
Патрульдеу дронның көмегімен де жүргізілді.
Қарағандыда рейд барысында «Натуралист» саяжай учаскесінің аумағында шөпті заңсыз өртеу фактісі анықталды. Тәртіп бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабының 1-бөлімі бойынша хаттама толтырылып, ескерту жасалды.
6 ауылдық округтердің 15 шаруа қожалығы қамтылды. 1386 адамға нұсқау берілді. Рейд барысында саяжайшыларға және шаруа қожалықтарының қызметкерлеріне былтыр Қарағанды облысының аумағында болған табиғи өрттер мен жанулар статистикасы жеткізілді, биыл өткен кезеңде саяжай учаскелеріндегі өрт қауіпсіздігі шаралары туралы плакаттар мен жаднамалар
тапсырылды. Рейдтерді өткізу кезінде ақпаратты жеткізу үшін хабарлаудың мобильді кешені және қызметтік автокөліктердің дауыс зорайтқыш құрылғылары пайдаланылды, олар арқылы өртке қарсы тақырыптағы аудиожазбаларды трансляциялау жүргізілді.
Өртті болдырмау үшін елді мекендер, саяжай кооперативтері, бау-бақша серіктестіктері аумағында құрғақ, ыстық және желді ауа райында от жағуға, өрт қаупі бар жұмыстарды жүргізуге, пештерді, ас үй ошақтарын және қатты отынмен жұмыс істейтін қазандық қондырғыларын жағуға жол бермеу қажет. Жанғыш қалдықтардың үйінділерін жинауға тыйым салынады.
Егіс жұмыстарына келетін болсақ: егіс басталғанға дейін барлық іске қосылған қызметкерлер өртке қарсы нұсқаулықтан өтеді, автомобильдер алғашқы өрт сөндіру құралдарымен жабдықталады, жарамды ұшқын сөндіргіштермен жабдықталады және олардың қоректену, оталдыру және майлау жүйесі реттелеу керек.