Әулетте әке жолын қуған Арайгүл
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай Polisia.kz редакциясы құқық қорғау органдарында қызмет ететін отбасымен таныстырмақ.
Еселі еңбектерінің арқасында абыройын асқақтатып жүрген отбасылардың бірі – Ароновтар әулеті.
Отбасының үлкені Аманғали Аронов 1950 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында дүниеге келген. Ішкі істер органдарын 1974 жылы кезекші көмекшісі лауазымынан бастаған. Одан учаскелік инспектор, аға учаскелік инспектор, МАИ инспекторы, жедел уәкіл лауазымдарында қызмет атқарған. Ішкі істер органдарына 25 жылын арнаған атамыз тиесілі демалысына жедел кезекші лауазымымен шыққан. Қызмет атқару барысында «Милиция үздігі», «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Қазіргі таңда алты баладан 15 немересінің қызығын қызықтап, бейнетінің зейнетін көріп отырған ата, ішкі істер органдарының құрметті ардагері.
Әулетте әке жолын қуып, әйел адамға тән емес болса да, ер азаматтармен қатар иық тіресіп қызмет атқарып кележатқан полиция подполковнигі – Арайгүл Аманғалиқызы Аронова.
Нәзіктікпен қатар батылдықты қатар алып жүрген аруымыз отбасында аяулы ана, асыл жар болумен қатар Қарағанды қаласы полиция басқармасының штаб бөлімінің басшысы лауазымында қызмет атқарады.
Отбасындағы Аманғали атамыздың қызы Ақмарал Қарағанды облысының ПД қаржымен қамтамасыз ету басқармасының жетекші маманы болып қызмет атқарады.
Бұл әулеттің кенжесі Тілек Аронов мамандық таңдауда ойланбастан полиция қызметкері болатынын білген. Тілек ҚР Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясын тамамдап, қазіргі таңда Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі лауазымында қызмет атқарады. Үш баланың әкесі.
– Жалпы адам үшін отбасының орны ерекше. Бала кезімде әкемнің формасын қызықтап киіп көріп өскен мен үшін мамандық таңдауда еш қателеспегенімдітүсіндім. Менің өз отбасымда үш бала өсіп келеді, әрине біздің әулеттің жолын қуып полиция қызметкері боламын десе еш қарсылығым жоқ. Мен балаларымның кез-келген шешімі мен келісемін, – деп Тілекжан Аманғалиұлы өз ойымен бөлісті.
Қызметке адал, ар-намысқа берік полиция қызметкерлерін құрметтеу біз үшін әрдайым міндет боп қала бермек. Еліміздің тыныштығы мен халқымыздың қауіпсіздігін сақтау үшін қызмет атқарып жүрген полиция қызметкерлерінің абыройлары асқақтай берсін.