Полицейлер тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Павлодар облысында судағы төтенше жағдайлардың алдын алу, су қоймаларында балалардың қаза болуын болдырмау мақсатында «Су қоймаларындағы балалардың қауіпсіздігі» акциясы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы кезеңде полицейлер көпшілік демалатын орындарды, су қоймаларын және жағажайларды аралап, тақырыптық жадынамаларды таратып, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді.
Судағы қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін:
– балаларды үлкендердің қарауынсыз су қоймаларына жібермеу;
– суға шомылу кезінде балаларға суға секіріп, жағадан сүңгуге тыйым салу;
– тек рұқсат етілген орындарда шомылу;
– көпірдің астында және ұсынылған тереңдіктен әрі қарай жүзбеу сияқты бірнеше ережелерді сақтау қажет.
Балалардың судағы қауіпсіздігі ата-аналарға байланысты. Су қоймаларына барған кезде балалардың су қоймаларына жақын жерде үлкендердің қарауынсыз болуына жол бермеңіз!