Көше бойында тұрғын мылтық асынып жүр
Түркістан облысында тәртіп сақшылары жергілікті тұрғыннан оқтары бар шолақ мылтық тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бәйдібек аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне ауылдардың бірінде көше бойында белгісіз ер адам шолақ мылтық асынып жүргендігі туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға
орнына шұғыл Бәйдібек АПБ тергеу-жедел тобының қызметкерлері шықты.
Тәртіп сақшылары күдікті, Созақ ауданының тұрғынын ұстады. Айғақты зат ретінде полиция қызметкерлері ер адамнан 16 калибрлі аңшы мылтығы мен 10 оқ-дәрі тәркіледі.
Күдіктінің айтуынша, ол атыс қаруын жолдан тауып алып, оны өзінде қалдырған.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігі (қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алынған шолақ мылтық және оқтар сот-балистикалық сараптамаға жіберілді. Полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Бәйдібек АПБ қызметкерлері биыл жыл басынан жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында тіркелмеген қаруды заңсыз сақтаудың үш дерегін анықтады.
Түркістан облысының полицейлері тіркелмеген атыс қаруын заңсыз сақтау және алып жүру үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға дейін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.