Есепте тұрған ата-аналарды жұмыспен қамту жұмыстары қолға алынды
Атырау полицейлері жайсыз отбасы мүшелерінің жұмысқа орналасуын қолға алды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев кезекті аппараттық жиында жаз айларында кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау, сонымен қатар, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізуді талап еткен болатын.
Облыс ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының профилактикалық есебінде 170-тен астам «жайсыз отбасы» және осы отбасыларының 370-тен астам жасөспірім балалары есепте тұр.
Тек , Атырау қаласы бойынша 80-ге жуық жайсыз отбасында 170-нан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
Мұндай отбасылар Полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларымен ай сайын тексеріліп, бақылауға алынған.
Сонымен қатар, қала полиция қызметкерлері есепте тұрған ата-аналарды жұмыспен қамту жұмыстарын қолға алды. Бұл бағытта полицейлер қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне жайсыз отбасы санатындағы отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру туралы ұсыныс жасады.
Сондай-ақ, осы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан кәмелетке толмаған балаларды қала сыртындағы жазғы және мектеп жанындағы лагерьлерге орналастыру, спорт секцияларына жазып, қатыстыру бағытында да жұмыстар жүргізіп жатыр.