Қарағанды құтқарушыларына қайсарлығы үшін алғыс білдірді
«Гигант» фитнесс-клубының директоры Татьяна Иванченко спорт объектісіндегі өртті сөндіру кезінде көрсеткен жеделдігі мен кәсібилігі үшін Қарағанды облысының ТЖ департаментіне алғыс білдіріп келді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Біздің клубтың барлық құрамы Өрт сөндіру қызметкерлеріне жеделдік, қайсарлық, батылдық үшін алғысын білдіреді. Сіздер кәсібиліктеріңізді көрсеттіңіздер. Барлық әрекеттер мен қозғалыстар айқын және үйлесімді болды. Сіздер ғимаратты үлкен салдардан сақтап қалдыңыздар, – деп атап өтті фитнес-клубтың жетекшісі.
Өрт сөндіруді ұйымдастырғаны үшін Т. Иванченко ТЖ департаментінің бастығы Ибрагим Күлшімбаевқа, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Евгений Лохновқа және оның орынбасары Марат Әбілсеитовке алғыс хаттарын табыстады.
Естеріңізге сала кетейік, 30 мамыр күні Қарағанды қаласында «Гигант» фитнес-клубының ғимаратында өрт шықты. Өртті сөндіруге Қарағанды облысының ТЖД 55 адамы мен 10 техникасы жұмылдырылды. Отты жоюға үш сағаттан астам уақыт кетті. Өрттің себебі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болды.