Маңғыстау облысының жолдарында қауіпсіздік шаралары күшейтілді
Маңғыстау облысының полиция департаментінде патрульдік қызмет ротасының қызметкерлері тоғыз қызметтік көліктің кілтін алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 маусымда ҚР ІІМ министрі Ерлан Тұрғымбаев халық алдында есеп беру кездесуінде баяндама жасағаны мәлім. Кездесу барысында министр ел аумағындағы жол-көлік оқиғаларының статистикасын айтып өтті.
Е. Тұрғымбаев атап өткендей, ҚР Ішкі істер министрлігіндегі кездесуде Мемлекет басшысы жолдардағы өлімді төмендету, жергілікті жерлерде құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтарды дүлей зілзалалар мен төтенше жағдайлар салдарынан қорғау жөніндегі жұмысты күшейту қажеттігіне назар аударды.
Облыс автожолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігі негізінде полиция басшысы Жанарбек Бақтыбаев республикалық маңызы бар трассаларда тәртіпті қадағалайтын қызметкерлерге автомашиналарды берді.
Автопаркті осындай жабдықтармен толтыру қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Маңғыстау жолдарындағы апаттардың өсуіне жол бермейді. Қазір экипаждар саны көбірек, бұл жол-көлік оқиғаларының алдын-алу жұмыстарын күшейтеді.
Жеке құрам алдында сөз сөйлеу барысында Ж. Бақтыбаев қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жоспар әзірленгенін айтты. Жолдардағы өлімді одан әрі төмендетудің маңызды міндеті кешенді тәсілді қажет етеді. Апат салдарынан қаза болғандар жол қызметінің тиімділігін бағалаудың басты өлшемі болып табылады.