Елордадан Шымкентке қонаққа барған 5 жасар қыз жоғалып кетті
Ойнап жүріп адасып қалған бүлдіршінді полицейлер дер кезінде тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 маусым күні Шымкент қаласының Полиция департаменті Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері жасөспірімнің жоғалып кеткені туралы хабарлама алған. Туыстарының айтуы бойынша, жасөспірім Нұр-Сұлтан қаласынан Шымкентке қонаққа келген. Көпқабатты үйлердің ауласында ойнап жүріп, адасып қалыпты. Шұғыл іздеу жұмыстарының нәтижесінде Еңбекші ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері Самат Жақсыбаев, Бақтыбай Байбориев, Мұқағали Есенбек, Нұрсерік Себаев бес жастағы жасөспірім қызды тауып, отбасына қайтарды.
Қыздың әжесі полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді: «Астанадан қыдырып келген немерем есік алдында ойна жүріп жоғалып кетті. Өзім екі сағат іздеп, таппадым. Кейін Еңбекші ауданы полициясына хабарластым. Олар 10 минутта келіп, іздеп, бір сағаттың ішінде тауып берді. Өзім де қосылып іздедім. Машинамен де, жаяу да жүріп, түкпір-түкпірлердің барлығына кіріп, бір сағаттың ішінде немеремді тауып берді. Мың алғыс айтамын. Шын көңіліммен рахметімді айтамын. Полицейлердің қадірін басымызға іс түскенде біледі екенбіз. Оларды алда келе жатқан 23-маусым төл мерекелімен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріне табыс тілеймін!»
Шымкент қаласы Полиция департаменті балаларыңызды назардан тыс қалдырмауға шақырады!