Тобыл өзенінде суға кете жаздаған әйел құтқарылды
39 жастағы суға батып бара жатқан әйелді жедел-құтқару жасағы дер кезінде құтқарып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға Қостанайда, Тобыл өзенінің жағажайында болды. 16 маусым сағ 16.30 шамасында «Қостанай облысы ТЖД ӨС және АҚЖҚ» ММ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері Қостанайдағы қалалық жағажайда 1981 жылы туған әйелді құтқарды.
Кезекшілік кезінде құтқарушылар белгісіз бір әйелдің көмек сұрап жатқанын естиді. Бірден көмекке ұмтылған құтқарушылар жедел әрекетке көшіп, әйелді өзеннен алып шығады. Моторлы қайықпен жағаға жеткен бойда жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырды.
Қостанай облысының құтқарушылары азаматтарға тек жабдықталған жағажайларда шомылуға кеңес береді.
Судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтаңыздар:
– жүзу шекарасын белгілейтін буйкалардан тыс жүзбеңіз;
– жағадан алыс жүзіп, өз күшіңізді асыра бағаламаңыз.