«Біз біргеміз» ұраны баршамызға жігер берді
Шымкентте карантин кезінде күшейтілген режимде жұмыс істеген ерлі-зайыптылардың «Біз біргеміз» ұраны баршамызға жігер берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Covid-19 пандемиясына байланысты наурыз айында ел бойынша төтенше жағдай жарияланды. Карантин енгізілгеннен бастап полиция қызметкерлері мен медицина мамандары бірлесіп, сақтық шараларын қолға алды. Әрбір ауылға, елді мекенге кіре-беріс аймақта қойылған блок-посттарда күні-түні қызмет етіп, күшейтілген режимде жұмыс жасады.
Рысдәулет Сүйеубеков Сайрам АПБ учаскелік полиция инспекторы болып қызмет атқарады. Ал, жары Жансая Ералхан Шымкент қаласындағы емханада медбике болып еңбек етеді. Елде карантин басталған тұста ерлі зайыптының екеуіде блок-бекетте қызмет атқаруға бекітілген.
– Қауіп қатермен бетпе – бет келіп, пандемияға қарсы іс-шараларға атсалыстық. Жалпы қауіпті аурумен күресте барлығымыз антқа адалдық таныттық. «Біз біргеміз» ұраны бәрімізді жігерлендіре түсті. Қандай жағдай болмасын, әрқашан еліміздің тұрақтылығы мен азаматтарымыздың бейбіт өмірі үшін жүктелген міндеттерді орындауға әзірміз – дейді Рысдәулет Нұрғалиұлы.
Төтенше жағдай кезінде Рысдәулет Сайрам ауданына кіре-берістегі жағдайды қадағаласа, Жансая Шымкенттегі бекетте тұрғындарды тексеріп тұрған. Ал, үйдегі бала-шағасын әжелеріне аманаттапты. Жас отбасы осылайша үш ай бойы отбасынан жырақта жүріп жүктелген жұмысты абыроймен атқарып шықты.
– Қауіпсіздік шараларын өзімізде қатаң ұстандық. Қолғаптар мен бетпердені, киімдерімізді уақтылы ауыстырып, залалсыздандыру жұмыстарын уақытылы атқардық. Көзге көрінбейтін вируспен күрес, әрине, қиын – дейді полиция аға лейтенанты.
Бүгінде учаскелік полиция инспекторы өзіне бекітілген аймақта қалыпты жұмысқа кіріскен. Ал, жары Жансая да Шымкенттегі жұмысына барып келіп жүр.