Міндеттерін орындамаған сотталғандардың материалы сотқа жолданды
Сот үкімі бойынша міндеттерін орындамаған 12 есепте тұрған сотталғанның материалы сотқа жолданып үлгерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
15 маусымнан бастап Республика көлемінде жүріп жатқан «Шартты түрде сотталған» профилактикалық іс-шарасы барысында, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты барлық Пробация қызметімен күні бүгінге дейін 300 есепте тұрған сотталған тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеріліп, 16 құқық бұзушылық тіркелді.
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің пробация қызметіне басшылық ету бөлімінің бастығы, әділет капитаны Азамат Наукеновтің айтуынша, «Шартты түрде сотталған» атты профилактикалық іс-шарасының мақсаты – бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаға сотталған адамдар тарапынан жасалатын құқық бұзушылықтардың және қылмыстың қайталануының алдын алу және жаза өтеуден қасақана жалтарып, іздеуде жүрген адамдарды анықтау болып табылады. Іс-шараны пробация қызметінің қызметкерлері полицияның учаскелік инспекторларымен бірлесіп атқарады.
– «Шартты түрде сотталған» профилактикалық іс-шарасы негізінен пробация қызметінің тиімді іс-шараларының бірі болып табылады. Өйткені, аталған іс-шара кезінде пробация қызметкерлері есепте тұрған адамдардың тұрғылықты мекен-жайына барып, әңгімелесу кезінде олардың мекен-жайы бойынша тіркелу орны, жұмыста бар-жоғы секілді маңызды ақпараттар анықталады. Іс-шара барысында негізінен пробация тарапынан ерекше бақылауда тұрған азаматтарға айрықша мән беріледі.
Сонымен қатар, есепте тұрған адамдардың тұрғылықты мекен-жайына барып тексеру кезінде олардың арасында бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібін бұзған материалдар сотқа жолданып, әрі қарай онымен сот айналысады. Бұл бойынша күні бүгінге дейін барлық Пробация қызметімен 300 есепте тұрған сотталғандар тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеріліп, тексеріс қорытындысымен тіркелген мекен-жайын тастап, облыс аумағынан шығу бойынша 16 құқық бұзушылық анықталды, сонымен қатар екі әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Сот үкімі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін 12 есепте тұрған сотталғанның материалы сотқа жолданды. Іс-шара 25 маусымға дейін жалғасады, – дейді Азамат Наукенов.
Айта кету керек, пробация қызметкерлері осындай іс-шараларды өткізу нәтижесі сотталғандарға жазаны өтеудің маңыздылығын және сот үкімі бойынша міндеттерін орындамағаны үшін жауапкершілік барын тағы бір есіне салуда маңызы зор» екенін айтады.