Петропавлда Ұлттық ұланның 20-мерейтойлық шығарылымы өтті
Биылғы жылы дәстүрлі офицерлер шығарылымы әдеттегіден ерекше шектеулермен және алғаш рет жас лейтенанттардың ата-анасының қатысуынсыз өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалыптасқан жағдайға байланысты түлектерге олардың дипломдарын салтанатты түрде тапсыру санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып және қол алыспай өтті. Түлектердің ата-аналары мен жақындары үшін арнайы «Youtube» каналы арқылы салтанатты шарадан тікелей көрсетілім ұйымдастырылды.
Қазақстандық түлектермен бірге Қырғыз Республикасының тоғыз өкілі мен Тәжікстан Республикасының он өкілі офицерлік өмірге жолдама алды. Ал Әскери институт биылғы жылы біздің республикамыз бен көрші елдерге, соның ішінде шет мемлекеттердің түлектерімен бірге 219 офицерді жіберді. Олардың алтауы оқу орнын үздік бітірді, ал лейтенант Арнат Сыздықов «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» төс белгісін табыс етті. Оның есімі институттың Құрмет тақтасына енгізілді.
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан оқуды табысты аяқтауларымен оның орынбасары, Мемлекеттік аттестатциялық комиссиясының төрағасы Альберт Маткаримов құттықтады.
– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің оқу орындарының қазақстандықтардың болашақ ұрпағын тәрбиелеудегі, азаматтардың тез өзгеретін әлемде білімділігі мен бәсекеге қабілеттілігінің жоғары деңгейін қалыптастырудағы маңызды рөлін атапөтті. Президент талаптарын жүзеге асыру аясында бүгін біз офицерлердің кезекті легін шығарып отырмыз. Ішкі істер министрінің бұйрығымен сіздерге алғашқы офицерлік шен – лейтенант берілді. Мен сіздерді осы көптен күткен оқиғамен құттықтаймын. Мемлекеттік емтихандарды тапсыру нәтижелері Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан күш құрылымдары үшін офицерлік кадрларды даярлаудың жеткілікті деңгейі туралы қорытынды жасауға мүмкіндік береді.
Біздің түлектеріміз офицерлік корпустың даңқты дәстүрлерін лайықты жалғастырушы болады, жаңа реформаларды табысты іске асырып, нағыз патриоттың сапасын танытады деген сенімімді білдіремін, – деді Альберт Полатұлы.
Жас лейтенанттарды Солтүстік Қазақстан облысының әкімі атынан оның орынбасары Ғани Нығметов құттықтады.
– Өңір тұрғындары еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Әскери институтқа ерекше құрметпен қарайды және 1997 жылғы 20 желтоқсанда Жауынгерлік туды жеке өзі тапсырған жалғыз әскери жоғары оқу орны екенін мақтан етеді. Институттың курсанттары мен офицерлері өңірдің қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсенді қатысады. Біз Әскери институттың жеке құрамына өңірдегі төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету кезеңінде қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысқаны үшін алғыс білдіреміз, – деп атап өтті Ғани Сақтағанұлы.
Дәстүр бойынша түлектерге институттың Жауынгерлік туымен қоштасу рәсімі өтті. Мұндай құрмет биылғы жылы «Алтын» медаль иегері лейтенант Арнат Сыздықовқа берілді.
23 жылдық тарихында институт 3527 жас офицерлерді шығарды, оның 252–і оқуды үздік аяқтап, 45-і «Әскери оқу орнын үздік аяқтағаны үшін» кеуде белгісімен марапатталды. Бүгін олар Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қорғаныс министрлігінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдардың бөлімшелерінде қызмет атқарады.
Институтта жеті мамандық бойынша офицерлерді даярлау жүзеге асырылады. Жоғары оқу орнының алғашқы түлектері құрамалар мен әскери бөлімдерді басқарады, ал олардың кейбіреулері Бас қолбасшылықта және өңірлік әскерлер қолбасшылықтарының штабтарында басшылық лауазымдарда қызмет ету үстінде.
Ұлттық ұлан Әскери институтының жеке құрамы қаланың және облыстың қоғамдық-саяси, спорттық, мәдени іс-шараларына, сондай-ақ өңірдегі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысады. Мәселен, елдегі төтенше жағдайдың құқықтық режимі кезеңінде әскери оқу орнының әскери жасақтары Петропавл қаласының көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша міндеттерді орындады және облыс орталығында карантиндік шараларды қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты. Қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару кезінде барлығы Петропавл қаласының 400-ге жуық азаматы ұсталды, оның 218-і әкімшілік құқық бұзушылық үшін және 10-ы қылмыс жасау белгілері бойынша жауапкершілікке тартылды.
Материалдық-тұрмыстық базаны жақсарту мақсатында биылғы жылы қазіргі заманауи оқу корпусының, казарманың және спорт кешенінің құрылысы, сондай-ақ Әскери институттың ғимараттары мен құрылыстарын күрделі жөндеу басталады.
Дәстүрлі түрде түлектер көк аспанға бейбітшілік, бақыт пен гүлденудің символы ретінде көгершін ұшырады. Іс-шара соңында мерейтойлық шығарылым құрметіне аспанға 20 көгершін мен 20 шар ұшырылды.
Енді бір айта кететін жайт, бұл биылғы түлектердің алғаш рет қызмет орындарына бүгіннен бастап әскери ұшақпен аттанып кетулерін айтуға болады.