Қиыршық тасты заңсыз өндіргендердің жолы кесілді
Түркістан облысында қиыршық тасты заңсыз өндіруге қатысты 4 дерек анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы ПД бастығының бұйрығын орындау мақсатында өңір аумағында полиция қызметкерлерімен табиғатты қорғау заңнамасы саласындағы әкімшілік құқық бұзушылықтарды, экологиялық қылмыстарды анықтау және жолын кесу бойынша жедел-профилактикалық және рейд жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысы ПД ЖПҚ қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, табиғи ресурстарды заңсыз өндіру және браконьерлік деректерін анықтау мақсатында Сарыағаш және Қазығұрт аудандарында рейдтік іс-шараларды жүзеге асырды.
Жүргізілген рейдтер нәтижесінде тәртіп сақшылары Келес өзенінің жағасында заңсыз қиыршық тас өндіру жайтының жолын кесті. Полиция қызметкерлері төрт жүк көлігі, екі жүк тиегіш және екі экскаваторды айыптұраққа қойды. Жиналған материалдардың барлығы жағдайды анықтау үшін полиция бөліміне жіберілді.
Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 334-бабы «Жер қойнауын өз бетімен пайдалану» бойынша тіркелді. Күдікті адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Жыл басынан бері Түркістан облысы ПД ЖПҚ табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері жер қойнауын өз бетімен пайдаланудың 27 жайтын анықтады.