Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сотталғандар 50 мың дана бетперде тікті

Қызылорда облысында сотталғандар 50 мың дана бетперде тікті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еліміздегі коронавирустық инфекцияның белең алуына байланысты, Қызылорда қаласындағы ЗК-169/5 мекемесіндегі сотталғандар да өз үлестерін қосып, бетперде тігіп жатыр. Бұл бетперделерді ЗК-169/5 мекемесінің аумағындағы  РГП «Еңбек-Қызылорда» тігін цехында арнайы  кәсіби білімі бар сотталғандар тігуде. Қазіргі таңда 45-ке жуық сотталған екі ауысымда бетперде тігіп жатыр. Биыл наурыз айынан бері 50 мыңға жуық  көпреттік бетперде тігілді.

Әр сотталушы әуел баста 5-10 бетперде шығарса, қазір күніне 50-60 бетперде әзірлейді. Ал тәулігіне 2 мың дана тігіледі. Тігіліп жатқан бетперделер облыстағы мекемелердің тапсырысы негізінде дайындалып жатыр. Мұнан бөлек жазасын өтеп жатқандардың да қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп, қорғаныс заттар таратылып тұрады.

ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Асқар есімді ер адам тігінші мамандығын оқып, дипломын алған. Бүгінде мекеменің өндірістік аумағындағы «Тігін цехында» жұмыс істейді. Асқар да бетперде тігудің шеберіне айналды.

– Осындай қиын уақытта «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, халқыма қолымен келген көмегімді аянып жатқаным жоқ. Бір бетпердені тігу үшін небәрі 5-10 минут уақыт кетеді. Күніне 50 дана бетперде тігемін. Айлық жалақымызды уақытылы алып отырмыз. Елім осы індетті жеңіп, мен де отбасыма аман есен оралсам деймін, – деді сотталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру