Биыл Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы болды
Суға шомылу маусымы басталғаннан бері Ақтөбе облысының су айдындарында үш бала суға батып, терезеден төрт бала құлап кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз мезгілі уақытында әсіресе балалар демалысы кезінде пандемияға байланысты шектеу шаралары енгізілді, балалар ата-аналардың қадағалауында болуы қажет.
Алайда, бүгінгі күні статистика көңіл қуантарлық емес: биыл балалардың қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы болды, 47 бала түрлі дене жарақаттарын алды. Суға шомылу маусымы басталғаннан бері облыс су айдындарында үш бала суға батып, терезеден төрт бала құлап кетті.
Сонымен қатар, жазғы кезеңнің басталуымен балалардың жоғалуы, олардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ көшелерде және аулаларда ата-аналарының бақылаусыз қалған балалардың жазатайым оқиғалары жиілеп кетті.
Тәртіп сақшылары тоғыз және бес жастағы жоғалған екі баланы тапты.
21 шілдеде 11 шағын ауданда бес жасар бала аулаға ойнауға шыққан. Бес сағаттан кейін анасы баланы іздеп таппаған соң, полицияға жүгінді.
Белгілі болғандай, ұлы көрші пәтерде тұратын баламен ойнаған, бала қайтадан аулаға ойнауға шыққан уақытында табылған.
Екінші жағдайда 21 шілдеде тоғыз жастағы бала жоғалып кетті. Бала толық емес отбасында тәрбиеленеді. Бала сағат 12-де О.Кошевой көшесіндегі үйден аулаға велосипед тебуге шығып, ешкімге айтпастан Ақтөбе хром қосындылары зауыты саяжай массивінде тұратын тәтесінің үйіне кетіп қалған. Баланың анасы оны бес сағаттан кейін іздеп, сағат 18:00-де полицияға жүгінді, баланы полиция қызметкерлері сағат 21:00-де туысының үйінен тапты.
– Ата-ананың бақылауынсыз қалған балалар ЖКО-ның құрбаны болып, түрлі жазатайым оқиғаларға тап болады. Жазғы уақытта қараусыз жүрген, толық емес отбасында тұратын және ата-анасы тәрбиесімен айналыспайтын балалар жиі жоғалып кетеді. Ата-аналар тарапынан бақылаусыздық көбінесе су айдындарында да, жолдарда да балалардың қатысуымен болған жазатайым оқиғалардың себебі болып отыр, – деді ПД бастығы Атығай Арыстанов.
Осыған байланысты Полиция департаменті ата-анасынан балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды. Балаларға жол және су айдындарында қарапайым жүріс-тұрыс ережелерін үйрету керектігін ескертеді. Балаларыңызды сақтаңыздар!
Балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар!