ШҚО-да ҚАЖ қызметкері ұлы ақынның мерейтойына өлең шумақтарын арнады
ШҚО-да ҚАЖ қызметкері ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерей тойына өлең шумақтарын арнады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ШҚО бойынша ҚАЖД ОВ-156/15 мекемесінің аға инспектор-психологі Айгерім Атабаева өзінің шығармашылығынан өлең жолдарын арнап, ерекше құттықтау жолдады.
Сағынған жұлдызы мен балаң түнін
Еске түсті менің де бала күнім.
Жүз жетпіс бес жасқа да келіп жетті
Құнанбаев Абай атты данам бүгін.
Өлеңдерін санамыздан суымайды
Өзің жайлы шабытым туындайды.
Қазақтың қайталанбас алып ұлы
Сендей тұлға енді қайтып туылмайды.
Мақтанады ұлылармен алып кеудем,
Әр сөздерін біліммен анық терген.
Абайым сен ұлысың қазақ үшін,
Білімнің шам-шырағын жайып берген.
Қаламымен жалғаған жырға бұлақ
Қайсарлы мінезімен сынға тұрақ.
Ұрпағыңа арналған өсиетің,
Қалдырған жазбаларың қымбаттырақ.
Сырлар шертіп жазылған дерегімен
Абайдан білім нәрін тере білгем,
Заманының тарихында жалғыз тұлға,
Сөз өнері – ұғымын терең білген.
Өнерде желдей есіп алыстадың
Білеміз мыңмен жалғыз алысқанын
Ілімнің кілтін бердің ұрпағыңа,
Білімнің құлпын ашқан данышпаным.
– Мен 8 сыныптан бастап жай ғана анда-санда шабытым ашылғанда өлең шығаратынмын, кейін студенттік кезімде нақты шығара бастадым. Осы уақытқа дейін 30 шақты туындым бар. Көбінесе махаббат, достық жайлы шығаратынмын, патриоттық өлеңдерді кейін осы мекемеге жұмысқа орналасқан соң шығара бастадым, – дейді Айгерім.
– Данышпан атамыздың алтыннан қымбат, маржаннан асыл сөздерінің құндылығы, өмір көшінде бағасы артпаса кемімейді. Өскелең жас ұрпақ – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев салған соқпаққа түссе, ақыл да, парасатты, білім мен тәрбие де алары сөзсіз. Ол қазақ поэзиясының қолбасшысы әрі көсемі, – деді департамент бастығының орынбасары Ғалымжан Балтабаев.