Сотталғандар Абай портретін салды
Қызылорда облысының мекемесінде сотталғандар Абай портретін салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы ЗК-169/1 мекемесінің шаруашылық бөліміне қалдырылған Мақсат есімді сотталған. Киелі Түркістан жерінің тумасы Мақсат мектепте оқып жүргенде-ақ, сурет үйірмесіне қатысып, шығармашылықпен айналысқанды жақсы көрген. Мектептегі сурет пәнінің мұғалімі Мақсаттың қабілетін байқап, сурет өнерінің қыр-сырын меңгертіпті. Икемі бар, зейінді бала, қылқалам өнеріне тез төселіп, ұстазының еңбегін ақтап, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.
Жаңылыспен жаза басып, құқық бұзған темір торда отырып та, сол сүйікті өнерін тастамады. Мекеменің арнайы контингент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімі ұйымдастыратын әртүрлі іс- шараларға қатысып, қабілетін көрсетіп жүр.
10 тамыз «Абай күні» мерекесіне орай сотталған ұлы ақынның портретін салды. Арнайы контингент арасында әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімінің бастығы Ардақ Тұрманов сотталғандарға дана Абайдың ғұламалығын дәріптеді. Мекеменің босаңсу бөлмесінде келген шаруашылық бөліміндегі сотталғандар өздерін еркін сезініп, қолға қалам алып, қиялға қанат бітірді. Бірі – тек қара қарындашты пайдаланып отырған болса, ал Мақсат түрлі-түсті бояулармен ақын портретін салып шықты. Осылайша жабық мекемедегі жабырқаулы жандар Абай портретін салып, бір сәтке болса да өнерлерін ұштап, эстетикалық тамаша сезімге бөленіп, жандары жадырады.
– Сотталғандармен өткізілген мәдени іс-шаралар олардың өз-өзіне деген сенімділігін арттырып, адамгершілік, ұлтжандылық қасиеттерінің артуына игі ықпалын тигізеді дейді, – А.Тұрманов.