Әйелдер колониясы ерлер колониясына арнап онлайн-концерт қойды
Сотталған әйелдер «Skype» арқылы қатаң тәртіптегі ерлер колониясына Абайдың 175 жылдығына орай онлайн-концерт қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шығыс Қазақстан облысы ҚАЖД ОВ-156/21 түзету мекемесінің әкімшілігінің және сотталғандардың тарапынан ҚАЖД ОВ-156/6 мекемесінде жазасын өтеушілерге «Skype» қосымшасы арқылы онлайн-концерттік бағдарлама көрсетілді.
– Елбасымыздың «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, халқымыздың Абай атамызға көңілі айнымайды. Қайта уақыт өткен сайын, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі. Абай атамыз өзінің туған халқымен мәңгі бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қазақ елін, қазағын биіктерге асқар асуларға шақыра береді» деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады, – деп концерттік бағдарламаны сотталған Айнур ашты.
Бұл концертте жазасын өтеуші нәзік жандылар ұлы ақынның өлеңдерін оқып, әндерін нақышына келтіріп шырқады. Ұлы атамыздың тәрбиелік мағынасы терең қара сөздері оқылды. Ұлы Абай атамыздың күніне арналған шағын концертін ҚАЖД ОВ-156/6 мекемесінің жазасын өтеуші 20 сотталған ер адам тамашалады.
ҚАЖД ОВ-156/6 түзеу мекемесінің жазасын өтеуші Р.Султанов – Бұл Абай атамызға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі, – деп алған әсерімен бөлісіп, әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан сотталғандарға алғысын білдірді.