2 мыңға жуық армениялық көлік Атырау облысында тіркелді
Армениядан әкелінген екі мыңға жуық көлікті Атырау облысында тіркеуден өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйекте Қазақстанда Армениядан республика аумағына 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, сондай-ақ сол қолмен басқарылатын автокөлік құралдарын тіркеу мерзімі аяқталады.
Естеріңізге сала кетейік, «Қазақстан Республикасы азаматтарының Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуі мен пайдалануы кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес, Атырау қаласында мамандандырылған ХҚКО – да осындай автокөлік құралдарын тіркеу жұмыстары 1 маусымнан басталды.
Сонымен қатар, Армения Республикасынан әкелінген көліктерді тіркеу облыстың
екі аудан орталықтары – Құлсары қаласының (Жылыой ауданы) және Құрманғазы селосындағы (Құрманғазы ауданы) ХҚКО-да жүргізілуде.
– Азаматтарға мұндай көлік құралдарын тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында арнайы Call-орталығы жұмыс істейді және 8 775 056 94 68 немесе 98-10-55 телефондары бойынша хабарласуға болады. Күні бүгінге дейін 2685 тұрғын кеңес алды, бүгінгі таңда өңірде Армения Республикасынан әкелінген 1935 көлік құралы есепке алынды, – деп атап өтті Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев. – Халыққа ыңғайлы болу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығы күн сайын сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін, сенбі және жексенбі күндері сағат 9.00-ден 15.00-ге дейін жұмыс істейді.
Көлік құралдарын тіркеу үшін иелері жеке басын куәландыратын құжатты, мемлекеттік тіркеу және баж салығы төленгені туралы түбіртекті, Армения Республикасының уәкілетті органында берілген көлікті тіркеу туралы құжатты және мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін ұсынуы қажет. Сондай-ақ құжаттар мемлекеттік немесе орыс тілдеріне аударылуы және нотариалды куәландыруы тиіс.Тіркеу рәсімінен өткеннен кейін автокөлік иелеріне сары мемлекеттік нөмірлер беріледі. Бұл ретте оң жақ рөлді авто көліктер тіркеуге жатпайды.
Атырау облысы полиция қызметкерлері Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу 1 қыркүйекке дейін ғана жүргізілетінін ескертеді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері тұрғындарға тіркеу рәсімінен кейін сары нөмір иелерінің салық аударымдары «қарапайым» автокөлік иелерінен алынатын салық төлемдерінен өзгеше болмайтынын да түсіндіреді.
Атырау облысы аумағына Армениядан барлығы 6800-ден астам автокөлік әкелінді, оның ішінде 2263-і оң жақты рульмен басқарылса, 800-і еліміздің басқа өңірлерінің тұрғындарына сенімхат бойынша берілген.