«Құқықбұзушылық жасамаңыз, менің қателігімді қайталамаңыздар!»: жарылғыш құрал туралы жалған ақпарат берген жасөспірім анықталды
Жарылғыш құрал туралы жалған ақпарат берген 16 жастағы Рудный қаласының тұрғыны жасаған қылығы үшін өкініп, басқа азаматтарды бұндай әрекеттен аулақ болуға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылғы 17 ақпанда Рудный қаласы жедел басқару орталығының «102» пультіне 30 жастағы жергілікті тұрғыннан 40 лет Октября көшесі бойында тұратын үйде жарылғыш зат орнатылғаны туралы хабарлама түсті. Ол туралы белгісіз нөмірден қоңырау шалған адамнан білді.
Оқиға орнына барлық мүдделі қызметтер бағытталды: өрт сөндіру қызметі, жедел жәрдем мен құқық қорғау органдары. Көп қабатты үйден 22 тұрғын эвакуацияланды. Бүкіл үйді тексеру барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.
Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен өткізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде ойын үшін хабар жасаған кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім анықталды. 2004 жылы туған бала телефонына дауысты өзгертетін бағдарламаны жазып алып, әйелдің дауысымен ер кісінің абоненттік нөміріне қоңырау шалды. Тергеу тәртіп сақшыларымен қылмыстық кодекстің 279-бабы бойынша (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) жүргізілді.
Маусым айында Қостанай облысының кәмелет жасқа толмағандардың істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотпен «заң бұзушы» бір жылға дейін бас бостандығынан шектелді.
Пробациялық есепте тұрған жасөспіріммен сөйлесудің сәті түсті. Рудныйлық бозбала істеген қылығы үшін өкінуде. Және тұрғындарды бұндай әрекеттен аулақ болуға шақырды.
– Өзімнің жасаған қателігімді түсіндім, және де қатты өкінемін. Егер де менің бұны өзгертуге мүмкіндігім болғанда, қайталамас едім, – деді жасөспірім.
Полиция департаменті бастығының орынбасары Толгат Утетлеуовтің айтуы бойынша «телефон ланкестерін» бүгінгі таңда табу қиын емес. Күдіктіні анықтау үшін заманауи технология қолданылады.
– Заманауи технологиялардың көмегімен қоңырау шалған адам тез анықталады. Содан кейін жедел уәкілдер оны іздестіреді, – деді Толгат Утетлеуов. – Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау мәжбүрлі түрде күш қолдануға және қауіпті сейілту үшін қаржы жұмсауға итермелейді. Сонымен қатар, күдікті толық көлемде барлық шығындарды өтейді.