Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысында сотталған 505 мың теңге тұратын грант ұтып алды

Ақтөбе облысында “Бизнес-бастау” жобасы бойынша онлайн оқудан өткен сотталған 505 мың теңге тұратын грант ұтып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты Қобда аудандық Пробация қызметкерлерінің қолдауымен “Бизнес-бастау” жобасы бойынша грант ұтып алған сотталған азамат, енді қой қырқитын станок сатып алып, аудан орталығына жақын жерден кәсібін дөңгелетуге ниеттеніп отыр.

Қобда аудандық пробация қызметі есебінде тұрған сотталғанды “Бизнес-бастау” жобасы бойынша онлайн оқыту – “Атамекен” ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының ұйымдастыруымен және аудандық жұмыспен қамту бөлімі арқылы жүзеге асқан.

– Пробация есебінде тұрған сотталғандарды осындай оқу курсы арқылы сертификат алып, өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері барын және бұған дейін грант ұтып, кәсіп ашып отырған сотталған азаматтарды мысалға келтіріп, олардың қызығушылығын арттыра отырып, ақпараттандырдық. Әрине, сотталған азаматтардың арасынан бизнеске икемі бар, кәсіп ашуды армандайтын азаматтар оқуға ниет білдірді. Карантин кезеңіне қарамастан, курс үйлестірушілері оларға онлайн курс ұйымдастырып, жеке кәсіп ашудың негізгі аспектілері, неден бастау керек және бизнестің бүгінгі күні өзекті және сұранысқа ие салалары туралы айтып берді. Оқу аяқталғаннан кейін сотталған әрі қарай кәсіпкерлік қызметті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға қатысуға мүмкіндік беретін сертификат алды.
Мұндай іс-шаралар өз кезегінде, сотталғандардың қоғамға тез бейімделуіне жағымды әсер етіп, өз ісін дамытуға және түзу жолға түсуге көмектеседі деп сенеміз. Қазіргі уақытта сертификат ұтып алған есепте тұрған сотталғандармен кәсібін әрі қарай дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр,- дейді Қобда аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Айгерим Жанбырбаева.

Жалпы, Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың басынан бастап, Қобда аудандық Пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар арасынан ҚР ҰҚП “Атамекен” оқу курсы “Бизнес-бастау” жобасы бойынша төрт сотталған оқуға жолданған. Қазіргі таңда оның екеуі оқу курсын аяқтап, сертификаттарын алса, біреуі грант ұтып, ал енді бір сотталған оқуын жалғастырып келеді.

Сонымен қатар, өткен жылы Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Қобда аудандық Пробация қызметінде есепте тұрған екі сотталған “Бизнес-бастау” жобасы бойынша 505 мың теңге тұратын грант ұтып алып, оған 25 бас ұсақ мал (қой) сатып алған. Қазіргі уақытта олардың мал шаруашылығы дамып, ұсақ мал басы 70 басқа дейін жеткен.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру