Шымкентте 34 граффити-суреттер жойылды
Шымкентте есірткіні жарнамалау деректерін анықтау мақсатында рейд ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 тамыз күні Шымкент қаласының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Еңбекші ауданының Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары және Жастар ресурстық орталығы өкілдерінің қатысуымен қала аумағында ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына есірткі құралдарын насихаттау және жарнамалау деректерін анықтау мақсатында бірлескен рейдтік іс-шара өткізілді.
Оның барысында 18 мөлтек аудан, Адырбеков және Ерімбетов көшелерінің бойындағы ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына психобелсенді құралдар мен прекусорлардың жарнамасы ретінде салынған 34 граффити-суреттердің мекенжайы анықталып жойылды.
Сондай-ақ, оларды салған адамдарды анықтау мақсатында жақын орналасқан үй тұрғындарынан, меншік иелері мен жұмысшылардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде департамент қызметкерлерімен есірткі құралдарын интернет желісі арқылы таратумен, сондай-ақ олардың сілтеме парақшаларын граффити-сурет түрінде жарнамалаумен және насихаттаумен айналысатын адамдарды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде.
Алдағы уақытта Полиция департаменті және Жастар ресурстық орталығының қызметкерлерімен осы мақсаттағы бірлескен іс-шаралар әлі де жалғасатын болады.
Ескерту: ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабымен есірткі заттарын насихаттағаны немесе заңсыз жарнамалағаны үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейтін қылмыстық жауапкершілік бекітілген.
Егер бұл қылмыс адамдар тобымен, бірнеше рет, білім беру ұйымдарында немесе адамдар көп жиналатын орындарда БАҚ немесе электрондық ақпараттық ресурстарды, қызмет бабын пайдалану арқылы жасалса, жаза үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.