Мас халде билік өкіліне қарсы шыққан ерлі-зайыпты ұсталды
Түркістан облысында мас халде билік өкіліне қарсы шыққан ерлі-зайыпты ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғыннан үйіне келген қонақтарының жанжал шығарып жатқаны туралы арыз келіп түседі. Арызданушының айтуынша үйіне қонақ болып келген ерлі-зайыпты ішімдік ішіп, мас халде балағат сөздермен қорлаған. Осыдан соң ол полиция шақыруға мәжбүр болған.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері мән-жайды анықтамақ болады. Алайда олар полицейлерге қарсы түрлі балағат сөздерді айтады. Тәртіп сақшылары сабырға келуін сұрағанымен, құқық бұзушылар заңды талаптарға бағынбай, өздерінің дөрекі мінез көрсетуін жалғастыра береді. Тіпті учаскелік полиция қызметкерінің пагонын жыртып, қол көтермекке
ұмтылады.
Осылайша сақшылар күйеуі мен әйеліне ҚР ҚК-нің 378-бабы (Билік өкілін қорлау) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізеді. Бүгінгі таңда күдіктілерге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданды.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мас күйде жүріп, тұрғындардың мазасын алмау керектігін ескертеді. Сонымен қатар, өз қызметтік міндетін атқаруға келген билік өкілдеріне күш қолданудың соңы қылмыстық жауапкершілікке апаратынын ескертеді. Сондықтан қарсылық көрсетіп, құқық бұзушылық жасағанша, өз қауіпсіздігіңізді ескеріп, заң талаптарына бағынғандарыңыз жөн. Егер де сіз осындай оқиғалардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз
полицейлерге хабар беріңіз!