Ақтөбеде жазасын өтеуші Конституцияның 25 жылдығына орай жіппен 3D форматта картина салды
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Азат 3D форматта картина салды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Біраз тер төгуді қажет ететін бұл өнер түріне қамаудағы сотталған азамат екі аптаға жуық уақытын жойған екен. Ал айтуынша, енді айналысып бастағандар үшін жіппен сурет салатын өнердің осы түрі екі айдай уақытты қажет етеді.
– Жалпы, Ата заң дегенде көз алдымызға бірден көк туымыздағы күн мен бүркіт елестейді. Бірақ, бұл екі бейнені салу мен үшін оңай болғандықтан, жұмысымның күрделілеу болғанын қалап, өз жұмысыма күн, ою және барысты қостым.
Күн мен оюды не үшін таңдағанымды өздеріңіз түсініп отырған шығарсыздар. Ал, барысты таңдағандағы себебім, барысты- бостандық пен күштілік, әрі шапшаңдықтың символы деп білеміз. Сондықтан, қазақ елінің тәуелсіздігі мәңгі жасап, мықтылығымен тұғырынан таймаса екен деген тілегім еді.
Туындының жасалу барысына келсек, алдымен арнайы жасалған тақтайға өзім кескіндегім келген барлық бейнелерді қарындашпен салып алдым да, сызбаның жиегінен айналдыра ұсақ шегелерді қағып шықтым. Сосын, суреттер 3D форматта болуы үшін, барыстың көзі, үстіндегі қара дақтарын әйелдердің тырнақ бояуына арналған қара лакпен, тиісінше күннің айналасындағы шуағы, оюларды сары лактармен бояп шықтым. Одан кейін шегенің бойымен бейнелерді өзіне сәйкес түстегі жіптермен өрнектеп орап, кестелеп шықтым. Жасыратыны жоқ, бұл жұмыстардың бәрі өте көп уақытты қажет етті. Дегенмен, мені жаза өтеу мерзімімде қамауда отырып-ақ, еліміздің атаулы мерекесін ұлығылауда сәл де болса үлесімді тигізе алғаным қуантады, – дейді ерекше өнер иесі сотталған.
Сонымен қатар, аяғын шалыс басқаны үшін темір тордың ар жағында өкінетінін айтқан сотталған азамат, бостандыққа шыққан кезде елге пайдалы іспен айналысатын арманымен бөлісті.
– Әрине, қазір істеген қылмысым үшін қатты өкінемін. Сондықтан, түзелу жолындағы осы секілді іс-шараларға қатысып, бостандыққа ерте шыққым келеді. Ал бостандыққа шыққан кезде балаларға арналған өзімнің өнер мектебімді ашып, осындай қолөнер түрлерімен айналысуды үйретсем деймін. Жалпы, бұндай жұмыстарды жасау үшін мен еш жерден арнайы оқу оқыған емеспін, бала күнімнен өздігімнен ізденіп үйрендім. Сондықтан, мүмкін емес нәрсе жоқ, адамның өзі қаласа барлық нәрсе қолынан келетінін түсіндім, – дейді сотталған.